1. Қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында 2021 жылы Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, ол қарыз алушыда мерзімі өткен берешектің пайда болу сатысында қарыздарды қайта құрылымдау бойынша шаралар қабылдауды көздейтін 2021 жылғы 1 қазаннан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін азаматтардың барлық кредиттері бойынша мерзімі өткен берешегін реттеудің бірыңғай міндетті тәртібін енгізді.
Қарызды қайта құрылымдау шарттары бойынша кредитормен келісімге қол жеткізілмеген кезде қарыз алушы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (бұдан әрі – Агенттік) өтініш жасауға құқылы.
Уәкілетті орган қарыз алушы-жеке тұлға банкке (банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) жүгінгені және банкпен (банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен) банктік қарыз шартының талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмегені туралы дәлелдемелерді ұсынған кезде оның өтінішін қарайды.
Ипотекалық қарыз алушыларды қорғау шарасы ретінде Агенттік қарыз алушының өтінішін қарау кезеңінде кредитор халықтың әлеуметтік осал топтарына (бұдан әрі – ХӘОТ) жататын борышкерлердің кепілге қойылған мүлкін өндіріп алу рәсімін бастауға құқылы емес.
Осылайша, қарыз алушылардың құқықтарын заңнамалық деңгейде қорғау мақсатында 2021 жылы банктерге берешекті реттеу режимі шеңберінде барлық шараны қабылдамай кепілге салынған мүліктен өндіріп алуға тыйым салатын нормалар қабылданды.
Сонымен қатар, теріс кредиттік тарихы бар азаматтардың қаржылық қызметтерге қол жеткізуін қалпына келтіру үшін Агенттік өтелмеген проблемалық берешек салдарынан теріс кредиттік тарихы бар және қайта құрылымдауды қажет ететін қарыз алушыларды оңалту тетігін енгізді.
Тетікте ағымдағы мерзімі өткен берешектің болуына немесе болмауына байланысты қарыз алушының өз кредиттері бойынша «оңалтылды» мәртебесін алу мүмкіндігі көзделеді.
Қарыздарды өтеуде қиындық көріп отырған қарыз алушылар үшін кредиттік ұйымдардың қарызды қайта құрылымдау (кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру, қарызды өтеу мерзімін ұлғайту, сыйақы мөлшерлемесін азайту, берешектің бір бөлігін есептен шығару және басқалары) мүмкіндігімен оңалту жоспарын жасау және қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалауға сүйене отырып, кредитті өтеудің неғұрлым ыңғайлы кестесін қалыптастыру бойынша жеке жұмыс жүргізуі көзделген.
2. Жылжымайтын мүлікті өндіріп алу кезінде кепіл берушілердің құқықтарын қорғау, кепілдегі мүлік сауда-саттығының айқындығын қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылғы 31 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару, екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметін реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №100-VII Заң қабылданды, онда мыналар көзделеді:
- мерзімі кешіктірілген берешектің ипотекалық қарыздар бойынша кепілге берілген мүліктің құнына мардымсыздығы мен сәйкессіздігі өлшемшарттарының артуы. Осылайша, орындалмаған міндеттеме сомасы 10%-дан 15%-ға дейін, мерзімді кешіктіру мерзімі 3 айдан 6 айға дейін ұлғайтылды;
- баспананы сауда-саттықта төмендетілген құны бойынша сатуға тыйым салу, кепілді сату бағасын төмендету шегі бастапқы бағалау құнынан 75%-ға дейін арттырылды, бұрын бұл шек 50%-ды құраған.
- сауда-саттыққа кредитордың, оның қызметкерлері мен үлестес тұлғаларының қатысуына тыйым салу арқылы кредиторлар тарапынан жосықсыз іс-әрекеттер тоқтатылды;
- сот орындаушысының борышкерге тыйым салынған мүлікті (баспананы) 3 айлық мерзімде дербес түрде өткізу құқығын беру міндеті енгізілді;
- борышкер-жеке тұлғада өндіріп алуға болатын, жалақының екі еселенген ең төменгі мөлшерінен асатын басқа мүлік немесе кірістер болмайтын жағдайда, ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша кепілге берілген жылжымайтын мүлікті сот тәртібімен сату жағдайында ипотеканы тоқтату.
- кепіл өткізілгеннен кейін бланктік берешекті есептен шығарудың негіздемелері кеңейтілді. Борышкер-жеке тұлғада өндіріп алуға болатын, жалақының 2 еселік минималды мөлшерінен асатын басқа мүлік немесе кірістер болмайтын жағдайда, ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша кепілге берілген жылжымайтын мүлікті сот тәртібімен сату жағдайында қалған берешек есептен шығарылатын болады.