Қазіргі уақытта Қазақстанда базалық, міндетті және ерікті деңгейден тұратын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.
бірінші деңгейі (базалық) – мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі (республикалық бюджет);
екінші деңгей (міндетті) – міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен ынтымақты жүйеден (республикалық бюджет) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақылар;
үшінші деңгей (ерікті) – ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер.
Базалық деңгейде зейнеткерлік жасқа жеткен кезде азаматтарға, сондай-ақ республиканың аумағында тұрақты тұратын адамдарға тағайындалатын және ынтымақты және/немесе жинақтаушы зейнетақы алуына қарамастан жүзеге асырылатын мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі базалық деңгейде көзделген.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алушылар 2 млн. астам адамды құрайды.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап Жолдауды жүзеге асыру мақсатында оны тағайындау әдістемесі өзгерді. Оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты.
Жаңа базалық зейнетақы тағайындау тетігі мынадай болады:
Оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз немесе болмаған жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТКД) 70%-на тең болады.
10 жылдан асқан кезде әрбір өтелген жыл үшін базалық зейнетақы 2%-ға ұлғайтылады. Мысалы, еңбек өтілі 20 жыл болғанда – базалық зейнетақы ЕТКД-нің 90%-ын, 30 жыл және одан астам болғанда базалық зейнетақының мөлшері ЕТКД-нің 110%-ын құрайды.
Бұл ретте, зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне:
- 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін өтелген еңбек өтілі,
- 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жинақталған өтілі (нақты зейнетақы жарналарын төлеу өтілі);
- басқа да әлеуметтік маңызды кезеңдер – (3 жасқа дейін балаға күтім жасаған (12 жыл шегінде), басқа адамның көмегіне мұқтаж бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға, екінші топтағы мүгедектігі бар жалғызбасты адамға және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамға күтім жасаған уақыт, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаға күтім жасаған уақыт, әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері жұбайларының (зайыптарының) мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде жұбайларымен (зайыптарымен) бірге тұрған, бірақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезең, Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметтері мен халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің жұбайы (зайыбы) шетелде тұрған, бірақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезең, қосылады.
Базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа әдістемесі әлеуметтік әділеттілік қағидатына сәйкес келеді, өйткені ол зейнеткерлердің қаржылық жағдайын жақсартып қана қоймайды, сонымен бірге еңбек ынтасын нығайтуға және азаматтардың еңбек қатынастарын ресімдеуге де қызмет етеді. Яғни, адам неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, оның зейнетақысы соғұрлым көп болады (жинақтаушы және базалық).
Екінші деңгей (міндетті) – бұл:
1) 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жасалған 6 айдан кем емес еңбек өтілі болған кезде республикалық бюджет есебінен төленетін ынтымақты зейнетақы;
2) қызметкерлердің зейнетақы жинақтарының қаражаты есебінен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (бұдан әрі – БЖЗҚ) төленетін төлемдер.
Жасына байланысты ынтымақты зейнетақыны тағайындау кезінде тек 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі есепке алынады, өйткені осы күннен бастап барлық жұмыс істейтін адамдардың міндетті зейнетақы жарналарының бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылуын көздейтін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу басталды.
1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек өтілі үшін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жеке зейнетақы жинақтарын ескере отырып, БЖЗҚ-нан зейнетақы төлемдері жүзеге асырылады.
Кодекске сәйкес жасы бойынша зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан кез-келген қатарынан 3 жыл үшін орташа айлық табысиы ескере отырып, жүзеге асырылады. Бұл ретте орташа айлық табыс мөлшері БЖЗҚ-на міндетті 10 пайыздық зейнетақы жарналары жүзеге асырылған табысқа сәйкес белгіленеді.
Кодекспен ынтымақты зейнетақыны (жыл сайын республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетін, 55-айлық есептік көрсеткіш шегінде есепке алынады) есептеу үшін алынатын орташа айлық табыстың (ОАТ) шекті мөлшері, сондай-ақ зейнетақы төлемінің ең жоғарғы мөлшерін шектеу (ОАТ-ның 75 %-ы) көзделген.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 маусымдағы № 841 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес ынтымақты зейнетақы мөлшерін қолайлы деңгейде ұстап тұру үшін олардың мөлшері инфляция деңгейінен екі пайызға оза отырып жыл сайын индекстеледі.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері мәселесі бойынша сілтемеге жүгінуді сұрайды.
2018 жылдың қазан айынан бастап төлем тағайындауға өтініш беру тәртібі жеңілдетілді.
Төлемдердің 3 түрін (ынтымақты, базалық, жинақтаушы зейнетақылар) тағайындау бойынша қызметтердің барлық спектрі бір өтініш және құжаттардың бір пакеті (композиттік қызмет деп аталады) негізінде көрсетіледі, ал мемлекеттік кепілдендірілген төлем өтінішсіз тәртіппен (проактивті тәсілмен) жүргізіледі.
Үшінші деңгей (ерікті) – ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер.
Ерікті зейнетақы жарналары – салымшылардың өзінің бастамасы бойынша БЖЗҚ-ға және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына өзі үшін немесе үшінші тұлғалар салатын ақша. Олардың мөлшерлемесі, төлеу кезеңі ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартпен анықталады.
Ерікті зейнетақы жарналарының салымшылары – бұл ерікті зейнетақы жарналарын өзінің меншікті қаражаты есебінен жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.
Тұтастай алғанда, ерікті зейнетақымен қамтамасыз ету деңгейі зейнетақымен қамтамасыз ету үшін азаматтардың жеке жауапкершілігін ынталандырады.
Осылайша, қолданыстағы зейнетақымен қамсыздандыру моделі әрбір азаматтың өзінің болашақ зейнетақымен қамсыздандырылуы үшін дербес жауапкершілігіне бағдарланған.