Әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлау Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қажеттілігіне сәйкес Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында өтеусіз негізде және оқуға арналған шығыстарды толық немесе жартылай өтеумен ақылы негізде жүргізіледі.
Қорғаныс министрлігі есебінен оқуға арналған шығыстарды жартылай өтеу кезінде оқу-жаттығу атыстарын жүргізу және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жүзеге асырылады.
Өтеусіз негізде әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлауға денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды, он жеті жас алты айдан жиырма алты жасқа дейінгі, оны аяқтағаннан кейін мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын немесе жұмылдыру резервіне тұрғызылатын азаматтар тартылады. Кіші мамандарды даярлауға тәртіптемені Қорғаныс министрлігі жасайды.
Ақылы негізде әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлауға мыналар тартылады:
- келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру үшін денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды әскери міндеттілер;
- әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламалары бойынша оқыту үшін денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды немесе шектеулі жарамды, соның ішінде әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылған жиырма төрт жастан жиырма жеті жасқа дейінгі азаматтар.
Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламалары бойынша оқыту үшін азаматтарды іріктеу мен жіберуді жергілікті әскери басқару органдары жүзеге асырады.
Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйымдарының базасында әскери оқытылған резервті даярлауға мемлекеттік тапсырысты жергілікті әскери басқару органдарына Қорғаныс министрлігі мамандандырылған ұйымдарының басшылығы ұсынған өтінімдер негізінде Қорғаныс министрлігінің жұмылдыру органы жеткізеді.
Әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша азаматты оқытудың басталуы Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйымы басшысының оны қабылдау туралы бұйрығы шыққан күн болып саналады.
Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйымдарында азаматтарды оқыту мерзімі әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша алатын мамандығына байланысты белгіленеді.
Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы жөніндегі мамандандырылған ұйымы басшысының даярлауды аяқтау туралы бұйрығы шыққан күн оқытудың аяқталуы болып саналады.
Әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша оқытудың аяқталғаны туралы сертификат нысанын және әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламаларын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітеді.
Оқыту аяқталғаннан кейін азаматтарға әскери билеттер беру жергілікті әскери басқару органдары белгілеген тәртіпте жүзеге асырылады. Әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша оқытудың аяқталғаны туралы сертификат әскери билетті беру үшін негіздеме болып табылады.
Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында сабақтар өткізілетін уақытта көрсетілген ұйымдарда оқытудан өтіп жатқан қызметкерлерге жұмыс берушілер оқу демалыстарын беруге міндетті.
Азаматтардың әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша оқу кезеңінде жұмыс орны (лауазымы) сақталады. Осы кезеңде олар заңды тұлға таратылған жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушілердің бастамасы бойынша жұмыстан шығарылмайды, сондай-ақ білім беру ұйымы басшысының бастамасы бойынша білім беру ұйымынан шығарылмайды