Азаматтарды дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы не білуіңіз керек Баспаға шығару нұсқасы
Cоңғы өзгеріс: 07.12.2022Сондай-ақ қараңыздар:
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заң қолданысқа енгізіледі, онда дактилоскопиялық, геномдық ақпаратты жинау, өңдеу және қорғау көзделеді.
Оның өзектілігі, ең алдымен, қауіпсіздік мәселелерімен негізделген.
Бұдан басқа, өмірде адамның жеке басын анықтау немесе растау мүмкін болмайтын көптеген жағдайлар бар (түрлі күйдегі көптеген құрбандары бар өрттер мен ұшақ апаттары, танылмаған мәйіттердің, ашылмаған қылмыс орындарынан биологиялық іздердің табылуы, адамдардың із-түзсіз жоғалуы).
Тиісті деректер базасында дактилоскопиялық және геномдық ақпараттың болуы құрбандарды сәйкестендіруге, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен және танылмаған мәйіттердің тізімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұл мақалада біз дактилоскопиялық және геномдық тіркеу ережелері туралы сөйлесетін боламыз.
Дактилоскопиялық тіркеу
Дактилоскопиялық ақпарат деп адамның саусақтарының папиллярлық өрнектерінің құрылымдық ерекшеліктері және оның жеке басы туралы ақпарат түсініледі.
Папиллярлық өрнектердің электрондық коды ҚР азаматтарының биометриялық паспорттарында және куәліктерінде болады.
Азамат жаңа, биометриялық құжаттарды – жеке куәлікті (оған чип орнатылған) және ҚР азаматының жаңа үлгідегі төлқұжатын (сондай-ақ кіріктірілген чиппен) алған кезде рәсімге тап болады.