Өзіңіздің кредиттік тарихыңызды қалай тексеруге болады Баспаға шығару нұсқасы
Cоңғы өзгеріс: 06.04.2026
Егер бұрын-соңды банк кредитін ресімдеген болсаңыз, онда кредиттік тарихыңыз бірден қалыптаса бастайды, онда кредиттер, оны қайтару мерзімі және мерзімі өткені туралы деректер сақталады.
Кредиттік тарихыңыздың оңды көрсеткішпен қалыптастырып, сақтау маңызды. Бұл сіздің қаржылық тәртіпті екеніңіздің және банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін сенімді екеніңіздің көрсеткіші. Сапалы кредиттік тарихтың болуы ірі қарыздарды, соның ішінде автомобиль немесе жылжымайтын мүлік сатып алуды мақұлдау ықтималдығын едәуір арттырады, сонымен қатар кредит берудің тиімді шарттарына үміттенуге мүмкіндік береді.
Бұл материалда өз кредиттік тарихыңызды қалай тексеруге болатыны және оны бақылау үшін қандай қызметтерді пайдалану керектігі айтылған.
Кредиттік тарих неліктен қажет
Кредиттік тарих банктер үшін ғана емес, сіз үшін де маңызды. Оң тарихқа ие бола отырып, сіз үлкен сомаға кредитті оңай ала аласыз. Сондай-ақ керісінше – егер сіз уақытында төлемеген болсаңыз немесе өткен кредиттер бойынша төлеуді мүлдем тоқтатқан болсаңыз, онда банк кредитті мақұлдамауы мүмкін. Егер сіз ешқашан кредит алмаған болсаңыз, онда сіздің кредиттік тарихыңызда жазбалар болмайды. Мұндай «бос» кредиттік тарих кредит алу мүмкіндігін арттырмайды, өйткені кредитор сіздің кредиттік мінез-құлқыңызды білмейді және үлкен қарызды мақұлдамауы мүмкін.
Сізге қарыз ресімдеу кезінде банктер кредиттік бюролардан деректерді сұратады. Мысалы, сіз кредит алып, оны уақытында төледіңіз. Бұл ақпарат сіздің кредиттік тарихыңызда жазылған. Кейінірек сіз кредитті басқа банкте рәсімдейсіз, ол сіздің алдыңғы кредитіңізді уақытында қайтарғаныңызды көреді және сізді жауапты клиент ретінде қабылдайды. Кез келген банк берілген қаражаттың қайтарылуына сенімді болғысы келеді және сенімді адамдарға кредит бергісі келеді. Сондықтан кредиттік тарихыңызды бақылау маңызды.
Кредиттік тарихыңызды қалай білуге болады
Заң бойынша күнтізбелік жылда бір рет Қазақстанның әрбір азаматы өзінің кредиттік тарихын тегін біле алады. Бір күнтізбелік жыл ішінде қайта сұраныс жасаған кезде қызмет ақылы негізде ұсынылады.
Қазіргі уақытта қызметті онлайн режимінде алудың келесі әдістерінің бірін пайдалануды ұсынамыз:
- Бірінші кредиттік бюроның сайты немесе 1CB.kz мобильді қолданбасы арқылы;
- Дербес кредиттік есепті алу онлайн қызметі арқылы. Өтінімді толтырыңыз, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қойыңыз және нәтижені «Жеке кабинетте» көре аласыз.
Офлайн режимде қызмет жеке куәлікті көрсеткен кезде көрсетіледі:
- "Азаматтарға арналған үкімет" МК КЕАҚ филиалдарында;
- "Қазпошта" АҚ бөлімшелерінде;
- Бірінші кредиттік бюроның кеңсесінде
Кредиттік тарихыңызда қате ақпарат болса не істеу керек
Егер сіз кредит есебін алсаңыз және онда дұрыс емес ақпаратты тапсаңыз, ақпарат берушіге (Банк/МҚҰ және т.б.) хабарласып, бар болса растайтын құжаттарды қоса беруіңіз қажет.
Сондай-ақ сіз eGov.kz, 1cb.kz, fingramota.kz порталдарындағы Бірінші кредиттік бюроның Кредиттік тарихтағы ақпаратқа дауласу жекелеген тегін онлайн-сервисі арқылы өзіңіздің кредиттік тарихыңыздағы ақпаратқа дауласа аласыз.
Бұл қызмет сіз алған кредиттік есепте қамтылған ақпаратқа дау айту туралы өтініш жіберуге мүмкіндік береді. Өтінішті қарау қорытындысы бойынша 15 жұмыс күні ішінде сіз ресми жауап аласыз: Жеткізуші сіздің кредиттік тарихыңызға түзетілген кредиттік есеппен енгізілген өзгерістер туралы немесе кредиттік бюроға бұрын берілген деректердің дұрыстығын растайтын хат.
Сондай-ақ, алаяқтыққа қарсы тұру және сіздің кредиттік тарихыңыздағы өзгерістерді бақылау үшін Кредиттік тарихты бақылау онлайн-сервисіне жазылуды ұсынамыз. Кредиттік тарихыңыздағы кез келген өзгерістер туралы Сізге хабарлама келеді және Сіз алаяқтық әрекеттерге немесе Ақпарат жеткізушісінің қателігіне жедел әрекет ету және тиісті шараларды қабылдау мүмкіндігіне ие боласыз. Сондай-ақ сіз өзіңіздің берешегіңіздің сомасы, жаңа қарыздың пайда болуы немесе төлемдердің кешіктірілуі туралы хабардар боласыз. Қызметке порталда және БКБ-ның 1cb.kz мобильді қолданбасында, сондай-ақ 1cb.kz порталында жазылуға болады.
Егер сіз кредиттер алуды жоспарламасаңыз, сондай-ақ үшінші тұлғалар тарапынан алаяқтық әрекеттерге күдік болса, сіз Банктік қарыздарды, микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту (Stop Credit) БКБ онлайн-сервисін пайдалана аласыз. Бұл сервис жеке тұлғаға қарыздар мен микрокредиттерді ресімдеуге тыйым салуға мүмкіндік береді. Жаңа кредитке өтінім берілген жағдайда қаржы ұйымдары қолданыстағы тыйым туралы автоматты түрде хабардар етіледі. Сервиске БКБ-ның 1cb.kz порталында, сондай-ақ eGov.kz порталында жазылуға болады. Бұл ретте, онлайн-қосылу және сервистен ажырату 24/7 режимінде мүмкін болады.
Ақпарат көзі - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында іске асыратын Fingramota.kz оқыту сайты.



