Айдар парағына өту

Консулдық заңдастыру тәртібі туралы Баспаға шығару нұсқасы

Cоңғы өзгеріс: 15.05.2023

мөрҚұжаттарды заңдастыру қағидалары

Құжаттарды заңдастыру құжаттарды басқа мемлекетте пайдалану мақсатында лауазымды адамның қойған қолы мен құжаттардағы мөрдің төлнұсқалығын белгілеу және куәландыру болып табылады.

Құжаттарды заңдастыруды:

1) Қазақстан Республикасының аумағында – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті (бұдан әрі – Консулдық қызмет департаменті);

2) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде – Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері (бұдан әрі – шетелдегі мекемелері) жүзеге асырады.

Заңдастыру бойынша функциялар:

1) Консулдық қызмет департаментiнде дипломатиялық қызметтің уәкілетті қызметкерлеріне (бұдан әрi – уәкілетті қызметкер);

2) шетелдегі мекемелерде - консулдық лауазымды адамдарға (бұдан әрі – консул) жүктеледі.

Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

Заңдастыруға жатпайтын құжаттар:

  1. уәкілетті тұлғаның қолы мен мөрі жоқ құжаттар;
  2. уәкілетті тұлғаның қолы мен мөрі бастапқы құжатында қойылмаған құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелері мен аудармалары;
  3. электрондық құжаттар;
  4. туу туралы куәліктен басқа, жеке басты куәландыратын құжаттардың түпнұсқалары.

Құжаттарды заңдастыру тәртібі

Жеке немесе заңды тұлға (бұдан әрі - өтініш беруші) құжаттарды заңдастыру үшін Консулдық қызмет департаментіне немесе шет елдегі мекемеге еркін нысанда жасалған өтінішке қоса келесі құжаттарды (мәліметтерді) береді:

Жеке тұлға үшін:

  1. жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы) немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
  2. заңдастыруға жататын құжат;
  3. консулдық алым төленгенін растайтын құжат;
  4. өкілеттігін растайтын құжаттың көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы) (құжаттарды заңды өкіл немесе құжат иесінің атынан сенімхат бойынша уәкілетті адам берген кезде).

Заңды тұлға үшін:

  1. өкілетті тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы) немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
  2. заңдастыруға жататын құжат;
  3. консулдық алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы;
  4. заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгенін (қайта тіркелгенін) растайтын "электрондық үкіметтің" ақпараттық жүйесінен мәліметтер не заңды тұлғаның құқық қабілеттілігін растайтын өзге де құжат (шетелдіктер үшін);
  5. өкілеттігін растайтын құжаттың көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы) (құжаттарды заңды өкіл немесе құжат иесінің атынан сенімхат бойынша уәкілетті адам берген кезде).

Сондай-ақ, еркін нысанда жасалған өтініште көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес берілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректеріне қол жеткізуге келісімі де беріледі.

Заңдастыруға құжаттардың тұпнұсқалары, сондай-ақ олардың нотариалдық куәландырылған көшірмелері қабылданады.

Шетелдік ұйымдар мен мекемелер берген құжаттар мемлекеттік немесе орыс тіліне аударылуы және аудармашымен немесе аударма қызметтерін көрсететін ұйыммен куәландырылуы тиіс.

Қазақстан Республикасының нотариустары куәландырған және Қазақстан Республикасының тысқары жерлерде әрекет жасауға арналған құжаттар Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы № 32 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7445 тіркелді) бекітілген Нотариаттық іс жүргізу жөніндегі ереженің 10-тарауында бекітілген талаптарға сәйкес болуы тиіс.

Өтініш беруші Консулдық қызмет департаментіне немесе шетелдегі мекемеге барлық қажетті құжаттарды тапсырған кезде, қағаз жеткізгіштегі өтініштің көшірмесіндегі қабылдау күні, қабылдаған адамның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) және құжаттар топтамасын қабылдаған уақыты көрсетілген белгі оның қабылданғанын растау болып табылады.

Құжаттарды заңдастыру өтініш берілген күннен бастап 3 жұмыс күн ішінде жүзеге асырылады, ал қосымша зерделеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайда, мерзім күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімге дейін ұзартылуы мүмкін.

Консулдық қызмет департаменті:

  1. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде ұсынылатын құжаттарды куәландыру бойынша әрекеттерді жасауға Қазақстан Республикасының уәкілетті ұйымдары мен мекемелерiнің, нотариустардың және тұлғалардың шығыс құжаттарын;
  2. егер олар құжат шыққан шет мемлекеттің Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесiнде олар алдын ала заңдастырылған болса, шетелдiк ұйымдар мен мекемелердің шығыс құжаттарын;
  3. егер олар құжат шыққан шет мемлекеттің Қазақстан Республикасында аккредиттелген және қоса атқаруы бойынша өкілдікті Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесiнде алдын ала заңдастырылған болса, шетелдiк ұйымдар мен мекемелердің шығыс құжаттарын заңдастырады.

Консулдық қызмет департаменті құжаттарды заңдастыруды жүзеге асыру үшін:

  1. құжаттарды куәландыру бойынша әрекеттерді жасауға Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарының лауазымды тұлғалары мен нотариустардың;
  2. Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелерде құжаттарды заңдастыруға уәкілетті лауазымды тұлғалардың қолтаңбалары мен мөрлердiң үлгiлерiн пайдаланады.

Тиісті қолтаңба және мөр үлгілері болмаған жағдайда Консулдық қызмет департаменті құзыретті органға сұраныс жолдайды.

Заңдастыруға ұсынылған құжаттың осы Қағидаларға сәйкестігіне көз жеткiзген уәкілетті қызметкер Консулдық қызмет департаментінің заңдастыру жазбасын қою арқылы құжатты заңдастырады.

Консул заңдастыруға:

  1. егер олар алдын ала болатын елінің заңнамасына сәйкес заңдастырылған болса, болатын мемлекеттің билеушілерінің;
  2. егер олар болатын елінде аккредиттелген шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесінде заңдастырылған болса, шетелдік ұйымдар мен мекемелердің;
  3. Қазақстан Республикасының ұйымдары мен мекемелерiнің және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде ұсынылуға арналған шығыс құжаттарын қабылдайды.

Құжаттарды заңдастыруды жүзеге асыру үшін консул:

  1. 1) болатын мемлекетінің ұйымдары мен мекемелерінің шығыс құжаттарын заңдастыруға болатын мемлекетінің биліктегі уәкілетті лауазымды тұлғаларының;
  2. 2) болатын мемлекетінде аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің және консулдық мекемелерінің заңдастыруға уәкілетті лауазымды тұлғаларының қолтаңбалары мен мөр үлгілерін пайдаланады.

Тиісті қолтаңба және мөр үлгілері болмаған жағдайда шет елдегі мекеме құзыретті органға сұраныс жолдайды.

Жекелеген азаматтардан, ұйымдардан және мекемелерден Қазақстан Республикасының аумағында әзiрленген, бiрақ Консулдық қызмет департаментiнде заңдастырылмаған құжаттар келiп түскен кезде консул құжаттардағы қолтаңба мен мөрдің төлнұсқалығын анықтау мақсатында мұндай құжаттарды Консулдық қызмет департаментіне жiбереді. Оң жауап алынған жағдайда, консул аталған құжаттарды Қағидалармен көзделген тәртiпте заңдастырады.

Қазақстан Республикасынан құжат сұрату тәртiбi бойынша Қазақстан Республикасында әзiрленген, бiрақ Консулдық қызмет департаментiнде заңдастырылмаған құжаттар консулға келiп түскен жағдайларда және егер болатын мемлекеттiң заңнамасы бойынша мұндай құжаттарды заңдастыру талап етілсе, консул оларды заңдастырады.

Заңдастыруға ұсынылған құжаттың Қағидаларға сәйкестігіне көз жеткiзген консул шетелдегі мекеменің заңдастыру жазбасын қою арқылы құжатты заңдастырады.

Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартудың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздері:

  1. көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау;
  2. көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған деректердің және мәліметтердің осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеуі;
  3. көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін, "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес берілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімнің болмауы.

Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту негізі анықталған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға екі күнтізбелік күн ішінде мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушының алдын ала шешім бойынша позициясын білдіруіне мүмкіндік беру үшін өткізілетін тыңдаудың уақыты, күні мен орны туралы хабарлайды.

Тыңдау туралы хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабардар етілген күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

Тыңдау нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші ұсынылған құжатты заңдастырады немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартады.

Заңдастыру жазбасы құжатқа, ал құжатта орын болмаған жағдайларда, ол жазба қоса тiркелетiн, заңдастыруды жасаған адамның мөрi мен қолы қойылған жеке парақта жасалады.

Заңдастыру жазбасын мастикалы мөртабанмен жасауға рұқсат етіледі.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.