Айдар парағына өту

ҚР ҰҚК қызметке қалай тұруға болады? Баспаға шығару нұсқасы

Cоңғы өзгеріс: 19.09.2022

ҰҚК эмблемасыҰлттық қауіпсіздік органдарына қызметке қабылдау тартібі

Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына (бұдан әрі - ҰҚО) келісімшарт бойынша қызметке/оқуға қабылдау «Қазақстан Республикасының Арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 7, 8, 9, 10-баптарымен реттеледі.

ҰҚО қызметіне келісімшарт бойынша жасы он сегiзге толған, бірақ осы Заңда белгіленген атақтар бойынша шекті жастан аспаған, қажетті жеке, моральдық және кәсiби қасиеттерi, бiлiм деңгейi, денсаулық жағдайы мен дене бiтiмiнiң даму жағдайы бар Қазақстан Республикасының азаматтары ерiктi негiзде қабылданады.

Жедел бөлімшелерге қызметке жасы 23-тен кіші емес азаматтар (курсанттарды, тыңдаушыларды қоспағанда) қабылданады.

ҰҚО-ға қызметке және ЖОО-ға қабылдау, әдетте, конкурстық негізде екі кезеңде жүзеге асырылады:

1. Бастапқы кезең кандидатты зерделеу орны бойынша жүргізіледі.

2. Соңғы кезең: оқуға ҰҚО-ның ЖОО шарттары арқылы, қызметке – ҰҚК Кадрлар департаментінің шарттары арқылы жүргізіледі.

ҚР ҰҚК Шекара академиясы мен ҚР ҰҚК Академиясына оқуға қабылдау «Арнаулы мемлекеттік органдары туралы» ҚР Заңының 10-бабымен және «Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту туралы» ҰҚК Төрағасының 2016 жылғы 13 қаңтардағы № 2 бұйрығымен реттеледі.

ҚР ҰҚК Шекара академиясы – бұл ҚР ҰҚК ШҚ бөлімшелерінің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетін басқару бойынша 4 жыл мерзімімен жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын Қазақстанның жоғары әскери оқу орны.

ҚР ҰҚК Академиясы – бұл ҚР ҰҚО жедел, техникалық және басшылық қызметкерлерді дайындау, қайта дайындау және біліктіліктерін арттыру саласындағы арнаулы, көп салалы оқу орны.

ҚР ҰҚК Академиясы қабылдауды мынадай білім беру бағдарламалары бойынша жүргізеді:

1) жоғары білімнің білім беру бағдарламасы бойынша (оқу мерзімі – 4 жыл), мамандығы – ұлттық қауіпсіздікті қарсы барлаумен қамтамасыз ету;

2) жоғары білімнің оқыту мерзімі қысқартылған білім беру немесе қосымша білім беру бағдарламасы бойынша.

Сонымен қатар ҰҚО ЖОО-да Шекара қызметінің әскери қызметшілері мен Комитеттің қызметкерлеріне магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім беру жүзеге асырылады.

ҰҚО ЖОО-ға және шетел мемлекеттік білім беру ұйымдарына жоғары білімнің білім беру бағдарламасы бойынша оқуға:

  1. орта немесе орта білімнен кейінгі білімі бар, әскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жеті жасқа толған, бірақ жиырма бір жастан аспаған азаматтар;

  2. оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толмаған, әскери қызмет не арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген азаматтар және шақыру бойынша мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер;

  3. оқуға түсетін жылы жиырма бес жасқа толмаған, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер не арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеріп жүрген қызметкерлер қабылданады.

Жоғары білімнің оқыту мерзімі қысқартылған білім беру немесе қосымша білім беру бағдарламалары бойынша оқуға әскери, арнаулы атақтары, офицерлік құрамның сыныптық шендері бар адамдарды қоспағанда, оқуға түсетін жылы кемінде жиырма екі жасқа толған жоғары білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.

  • ҰҚО ЖОО-ға оқуға кандидаттар оқуға түсетін жылдың алдындағы жылдың 1 қарашасына дейін тұрғылықты, оқу немесе жұмыс (қызмет) орны бойынша ҰҚК органдарына, емтиханды қай тілде тапсыратындығын және қай тілде білім алатынын көрсете отырып, өтініш (баянат) береді.
  • Өтінішке (баянатқа) қосымша мыналар ұсынылады:
  • жалпы орта білімі туралы қосымшасымен бірге аттестат көшірмесі немесе техникалық және кәсіби білімі туралы не болмаса орта білімнен кейінгі білім туралы қосымшасымен бірге диплом көшірмесі;
  • жоғары білімі туралы дипломның көшірмесі, дипломға қосымшаның көшірмесі (транскрипт);
  • жеке басын куәландыратын құжат (көшірме);
  • туу туралы куәлік (көшірме)
  • алты фотосурет (бас киімсіз, көлемі 4,5 х 6 см);
  • өмірбаян және сауалнама
  • әскери билет немесе тіркеу куәлігі (көшірме);
  • еңбек өтілін растайтын құжат (көшірме), жоғары білімі бар кандидаттар үшін.

Оқуға зерделеніп отырған кандидатқа мынадай талаптар қойылады:

1. Жоғары білімнің білім беру бағдарламасы бойынша (оқу мерзімі – 4 жыл):

орта немесе орта білімнен кейінгі білімі бар болуы;

«Бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережелерін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысымен бекітілген тестілеу нәтижесі шекті деңгейден төмен емес, сондай-ақ тестілеу нәтижесі 50 балдан төмен болмайтын келесі пәндер бойынша: Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (білім алған тілінде) бойынша 5 балдан төмен емес, әр бейіндік пән бойынша 5 балдан төмен емес ҰБТ нәтижелері бойынша сертификат.

2. Жоғары білімнің оқыту мерзімі қысқартылған білім беру немесе қосымша білім беру бағдарламалары бойынша:

жоғары білімі бар болуы;

оқу жетістіктерін бағалаудың балл-рейтингтік әріптік жүйесіне сәйкес жоғары білімдерінің орта балы 2,67 (В-)-ден төмен емес (дәстүрлі бағалау шкаласы бойынша 4 балдан төмен емес).

Жедел бөлімшелерге теңестірілген бөлімшелерге қызметке қабылдануға тілек білдірген кандидаттар өтінішті тұрғылықты немесе жұмыс орындары бойынша ҰҚК органдарына береді.

Өтінішке (баянатқа) қосымша мыналар ұсынылады:

  • жалпы орта білімі туралы қосымшасымен бірге аттестат көшірмесі немесе техникалық және кәсіби білімі туралы не болмаса орта білімнен кейінгі білім туралы қосымшасымен бірге диплом көшірмесі;
  • жоғары білімі туралы дипломның көшірмесі, дипломға қосымшаның көшірмесі (транскрипт);
  • жеке басын куәландыратын құжат (көшірме);
  • туу туралы куәлік (көшірме)
  • алты фотосурет (бас киімсіз, көлемі 4,5 х 6 см);
  • өмірбаян және сауалнама
  • әскери билет немесе тіркеу куәлігі (көшірме);
  • еңбек өтілін растайтын құжат (көшірме).

Қызметке қабылданатын кандидаттарға мынадай талаптар қойылады:

1. Офицерлік құрамның лауазымына:

жоғары білімі бар болуы;

оқу жетістіктерін бағалаудың балл-рейтингтік әріптік жүйесіне сәйкес жоғары білімдерінің орта балы 2,67 (В-)-ден төмен емес (дәстүрлі бағалау шкаласы бойынша 4 балдан төмен емес).

2. Сержанттық құрамның лауазымына:

болжанып отырған қызметтік іс-қимылдың бейіні бойынша ұқсас ортадан кейінгі немесе жоғары білімі бар болуы;

қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін мерзімді әскери қызмет өткерген әскери қызметшілер;

қатардағы жауынгерлер (матростар),  запастағы сержанттар (старшиналар).

Қызметке/оқуға кандидаттар міндетті түрде қызметке жарамдылығын айқындау үшін әскери-дәрігерлік комиссияларда психофизиологиялық және медициналық куәландырудан, сондай-ақ полиграфологиялық зерттеуден өтеді. Сондай-ақ кандидат пен оның жақын туыстарына арнайы тексеру жүргізіледі.

Қызметке/оқуға:

ҚР ҰҚО-ға қызметке/оқуға қабылдау мәселелері бойынша ҰҚК аумақтық органдары кадрлар бөлімшелерінің телефон анықтамасы

 

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.