Сот шешіміне шағымдану. Апеляциялық немесе кассациялық шағым беру Баспаға шығару нұсқасы
Cоңғы өзгеріс: 18.02.2026
Азаматтардың сот процесінің қатысушылары болып, сот шешімімен келіспейтін немесе шығарылған шешімді әділ емес деп санайтын жағдайлар жиі болып тұрады.
Заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне апелляциялық тәртіппен апелляциялық шағым берілуі, прокурор апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін. Сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығы тараптарға, іске қатысатын басқа да тұлғаларға тиесілі.
Апелляциялық өтінішхат келтіру құқығы істі қарауға қатысқан прокурорға тиесілі.
Іске қатысуға тартылмаған, бірақ сот олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты шешім қабылдаған адамдар да апелляциялық шағым жасауға құқылы.
Апелляциялық шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты шешім шығарған сот арқылы беріледі.
Апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты, Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде (бұдан әрі – АІЖК) белгіленген жағдайларды қоспағанда, түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап, ал сот талқылауына қатыспаған адамдар өздеріне шешімнің көшірмелері жіберілген күннен бастап бір ай ішінде беруі мүмкін.
Апелляциялық шағымда, прокурордың өтінішхатында:
- апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты жіберілетін соттың атауы;
- апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын беретін тұлғаның атауы;
- шағым жасалатын немесе прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қайта қаралатын шешім және осы шешімді шығарған соттың атауы;
- әдетте қолданылуға жататын заңдарға және іс материалдарына сілтеме жасай отырып, сот шешімінің заңсыздығы немесе негізсіздігі неден көрінетіндігіне нұсқау;
- шағым жасалып отырған немесе прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қайта қаралып отырған шешімнің заңдылығын қандай бөлігінде тексеру керек екендігіне және шағымды, прокурордың өтінішхатын беретін тұлғаның қандай өзгерістер енгізуді талап ететініне нұсқау;
- шағымға, прокурордың өтінішхатына қоса берілетін құжаттардың тізбесі;
- шағым, прокурордың өтінішхаты берілген күн және шағымды, прокурордың өтінішхатын беретін адамның қолтаңбасы қамтылуға тиіс. Өкіл қол қойған шағымға сенімхат немесе істе мұндай құжат болмаса, өкілдің өкілеттігін куәландыратын өзге де құжат қоса берілуге тиіс.
Электрондық құжаттар нысанында шағым берілген, прокурордың өтінішхаты келтірілген кезде олар оны беретін адамның немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Электрондық құжаттар нысанындағы шағымға, прокурордың өтінішхатына құжаттардың электрондық көшірмелері қоса беріледі.
Апелляциялық шағымда, прокурордың өтінішхатында бірінші сатыдағы сотта мәлімделмеген талаптар болмауға тиіс.
Апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты оларды берген адамға мынадай жағдайларда:
- шағымды, прокурордың өтінішхатын қозғаусыз қалдыру туралы ұйғарымдағы судьяның нұсқаулары белгіленген мерзімде орындалмағанда;
- шағым берген адам, өтінішхат келтірген прокурор өтінгенде;
- егер қайта қарау мерзімі өтіп кетсе және шағымда, прокурордың өтінішхатында оны қалпына келтіру туралы арыз болмаса немесе оны қалпына келтіруден бас тартылған кезде;
- егер шағымды, прокурордың өтінішхатын оларды беруге немесе оларға қол қоюға құқығы жоқ адам берсе, қайтарылады.
Апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын қайтару туралы ұйғарымды сот:
- АІЖК-тің 407-баптың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайда – сот белгілеген мерзім өткен күннен бастап;
- қалған жағдайларда – шағым, прокурордың өтінішхаты келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей шығарады.
Апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын қайтару туралы ұйғарымға жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
Жергілікті және басқа да соттардың заңды күшiне енген сот актiлерiн оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталған жағдайда, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты кассациялық тәртiппен сот актілері қайта қарауы мүмкiн.
Мынадай:
- АІЖК-тің 12 және 21-1-тарауларында көзделген оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралған;
- татуласу келісімімен, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқталған;
- талап қою сомасы екі мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде жеке тұлғалардың және талап қою сомасы отыз мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде заңды тұлғалардың мүліктік мүдделеріне байланысты;
- талап қоюдан бас тартуға байланысты аяқталған істер бойынша;
- азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы, берешекті қайта құрылымдау туралы істер, сондай-ақ оңалту рәсімі мен банкроттық рәсім шеңберінде туындайтын даулар жөніндегі, оның ішінде борышкер немесе ол уәкілеттік берген тұлға жасасқан мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы, борышкердің мүлкін қайтару туралы, қаржы басқарушысының, банкроттықты немесе оңалтуды басқарушының талап қоюлары бойынша дебиторлық берешекті өндіріп алу туралы істер бойынша сот актiлері кассациялық тәртiппен қайта қаралуға жатпайды.
Жергілікті және басқа да соттардың заңды күшiне енген сот актiлерi оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда, сондай-ақ осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген істер бойынша сот актілері Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер болған кезде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарларының, Бас әскери прокурордың, Бас көлік прокурорының наразылығы бойынша кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
Жергілікті және басқа да соттардың заңды күшiне енген сот актiлерi оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда, АІЖК-тің 434-баптың екінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген істер бойынша сот актілерін қоспағанда, сондай-ақ осы баптың екінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген бірінші және апелляциялық сатылардың сот актілері АІЖК-тің 427-бабында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
Кассациялық шағымда не көрсету қажет?
- кассациялық шағым немесе өтiнiшхат жіберіліп отырған соттың немесе лауазымды адамның атауы;
- кассациялық шағымды немесе наразылық келтіру туралы өтінішхатты беретін тұлғаның және олар мүддесі үшін беріліп отырған тұлғаның атауы, оның тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi және iстегi процестік жағдай;
- iске қатысатын тұлғалардың тұрғылықты жерлері немесе орналасқан жерлерi көрсетіліп, оларды санамалау;
- iстi бiрiншi, апелляциялық сатыларда қараған соттарға нұсқау және олар қабылдаған шешiмдердiң мазмұны;
- қайта қарауға, наразылық келтіруге жататын сот актісіне нұсқау;
- материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуы неде екендігіне және шағымды немесе наразылық келтіру туралы өтінішхатты беретін тұлғаның өтініші неден тұратындығына нұсқау қамтылуға тиіс;
- АІЖК-тің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер бойынша наразылық келтіру туралы өтінішхат берілген жағдайда, өтінішхатта сот актілерін қайта қарау үшін негіздердің айрықшалығы неде екендігі көрсетілуге тиіс;
- өкіл берген кассациялық шағымда, наразылық келтіру туралы өтінішхатта талап негізделетін заң нормасына сілтеме қамтылуға тиіс.
Егер кассациялық шағым немесе наразылық келтіру туралы өтінішхат iске қатыспаған тұлғаның мүддесі үшін берілсе, оларда дау айтылып отырған сот актісінде осы тұлғаның қандай құқықтарының бұзылғаны көрсетiлуге тиiс.
Егер кассациялық шағым бұрын кассациялық сатыдағы сотқа берiлсе және қайтарылған болса, шағымда оның қайтарылу себептері көрсетiлуге тиiс.
Кассациялық шағымды немесе наразылық келтіру туралы өтінішхатты берген тұлға оларға қол қоюға тиiс. Шағым немесе наразылық келтіру туралы өтінішхат электрондық құжат нысанында берілген кезде олар беретін тұлғаның немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылады. Кассациялық шағымға, наразылық келтіру туралы өтінішхатқа өкілдің өкілеттігін растайтын сенімхат қоса беріледі. Электрондық құжат нысанында берілетін шағымға немесе наразылық келтіру туралы өтінішхатқа құжаттардың көшірмелері электрондық нысанда қоса беріледі.
Сот актісіне дау айту туралы кассациялық шағымға «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген мөлшерде мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса берілуге тиіс.



