Айдар парағына өту

Қазақстанда жұмысқа орналасу Баспаға шығару нұсқасы

Cоңғы өзгеріс: 16.08.2022

Жұмысты өздігінен қалай іздеуге болады

Жұмыс іздеу кезінде қатар қолданылатын бірнеше әдіс бар:

● Достар мен таныстар арқылы;

● Жұмыс іздеу сайттары арқылы;

● Әлеуметтік желілердегі жарнамалар мен қауымдастықтар арқылы;

● Жұмыспен қамту орталықтары арқылы.

Жұмысты достар мен таныстар арқылы іздеу

Егер сізде белгілі бір жұмыс тәжірибесі, маңызды дағдылар мен жетістіктер болса, онда достарыңыз, таныстарыңыз, қазіргі немесе бұрынғы әріптестеріңіз арасында сізге лайықты жұмыс туралы ақпарат бере алатындары болады. Жұмысқа орналасуда сіз туралы жақсы ұсыныс көп әсер етеді.

Егер сіздің жұмыс тәжірибеңіз болмаса да, мысалы, Сіз университеттің түлегі немесе басқа студент болсаңыз да, бұл әдісті ескерудің қажеті жоқ  Егер бос жұмыс орнына қойылып отырған минималды талаптарға сай болсаңыз және достарыңыздан тарапынан қандай да бір сіз  туралы  қосымша жақсы пікір болса онда жұмысқа орналасу ықтималдығы айтарлықтай артады.

Рекрутингтік сайттар арқылы іздеу

Бұл жұмыс іздеуде жалпыға ортақ әдіс. Танымал жалдау сайттары өте ыңғайлы, тиімді және еңбек нарығында екі тарапқа да, яғни жұмыс іздеушілерге де, жұмыс берушілерге де нәтиже береді.

Бұл сайттардың жұмыс істеу принципі барлығы үшін бірдей

1. Сізге тіркеліп, жұмыс беруші үшін оңай оқылатын, түйіндемеге түрінде берілетін өзіңіз туралы деректерді толтыруыңыз керек;

2. Компанияның HR менеджерлерінің көпшілігі бос жұмыс орындары туралы хабарландыруларды рекрутингтік сайттарда жариялап, әдетте, жұмыс іздеушілердің жауаптарын мұқият қадағалап отырады. Сізге бос жұмыс орындары тізімін үнемі мониторингілеуді әдетке айналдыру керек, олармен егжей-тегжейлі танысып,  олар туралы егжей-тегжейлі біліп, сайттың арнайы механизмдері арқылы жауап жолдап отыру керек немесе мүмкін болған жағдайда рекрутермен тікелей хабарласу керек.

Қазақстандағы танымал рекрутингтік сайттар тізімі

enbek.kz

hh.kz

market.kz

olx.kz

Әлеуметтік желілердегі жарнамалар мен қауымдастықтар арқылы іздеу

Егер әлеуметтік желілерде белсенді болсаңыз, онда жұмыс іздеу туралы хабарландыру жасай аласыз және жазылушыларыңыздан жарнаманы таратуға  көмек сұрай аласыз, осылайша сіздің хабарламаңыз ықтимал жұмыс берушілерге жетуі мүмкін. Бұл ретте, аккаунтыңыз қалай жүргізетініңіз бен және қандай контент жариялайтыныңыз маңызды, яғни адам ретінде және әлеуетті жұмысшы ретінде сіз туралы алғашқы көзқарасты қалыптастырады.

Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде белгілі бір қызмет салалары мен өңірлер бойынша бөлінетін көптеген жұмыс іздеу бойынша қауымдастықтар бар. Ол жерде компаниялардың өзекті бос орындар мен жұмыс берушілердің өздері ұсынған хабарландырулар жарияланады. Осындай қауымдастықтарға жазылып, үнемі қадағалап отырыңыз. Егер сіз қандай да бір жоғары мамандандырылған салада жұмыс іздесеңіз, онда қолайлы жұмыс орнын осындай жолмен табуға болады.

Жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіру

Егер жоғарыда аталған әдістің ешқайсысы да нәтиже бермесе, жұмыс іздеуші ретінде адам ретінде Жұмыспен қамту орталығына тіркелу қажет. Мұны онлайн көрсетілетін қызмет арқылы жасауға болады

- Жұмыс іздеушілерді тіркеу

Жұмыспен қамту орталығына қажетті құжаттар:

- Өтініш.

- Жеке куәлік.

- Еңбек кітапшасы (бар болса).

- Білімі туралы диплом (бар болса).

Сізді жұмыс іздеуші ретінде тіркелгеннен кейін Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері түйіндемеңізді Мемлекеттік еңбек биржасының enbek.kz веб-сайтына орналастырады да, ал лайықты бос жұмыс орындары шыққан кезе, сізді сонда жібереді.

Егер сізді жұмысқа қабылдаудан бас тартса немесе ол жұмыс сізге объективті себептермен сәйкес келмесе, Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері басқа нұсқаларды іздеуді жалғастырады.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба

Ұлттық жоба 10 міндетті көздейді, оның 3-еуі халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған: өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту. Бірінші міндет шеңберінде аудандардың мастер-жоспарлары қалыптастырылады, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту жүргізіледі, сондай-ақ жас кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға микрокредиттер мен гранттар беріледі.

Екінші міндетті іске асыру субсидиялау арқылы жұмыс берушілердің уәждемесін арттыруға арналған өзекті құралдардың көмегімен, ал жас мамандар үшін-өз дағдыларын арттыруға, өз кәсібін табуға немесе уақытша жұмысқа орналасуға мүмкіндік беру арқылы жүзеге асырылады.

Осылайша, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларының арқасында 29 жастан аспаған, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, жақында оқуын аяқтаған немесе мүлдем жоқ адамдарға түрлі қолдау шаралары көрсетіледі.

Зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылуда.

Талап етілетін дағдыларға онлайн-оқыту платформада жүргізіледі skills.enbek.kz, онда сұранысқа ие мамандықтар мен дағдыларды ескере отырып, қысқа мерзімді онлайн-курстар пулы қалыптастырылды.

Әлеуметтік жұмыс орындары

Жұмыс орындарын бөлу кезінде осы жұмыс орнына барлық қажетті аударымдарды ескере отырып, мемлекет тарапынан 12 айға дейін ішінара субсидиялау қарастырылғанын есте сақтаңыз.

Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан Бағдарламаға қатысушыларға жалақы ретінде берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескере отырып, белгіленген жалақы мөлшерінің 35%-ын құрайды, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған 20 АЕК мөлшерінен аспайды.

Жастар практикасы

Жастар практикасы білім беру ұйымдарының түлектеріне алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибе қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылады. Жастар практикасына жіберілген жеке тұлғалардың еңбекақысы республикалық бюджеттен  айына 30 АЕК-ті құрайды.

Қоғамдық жұмыстар

Қоғамдық жұмыстарды халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін ұйымдастырады. Олар қызметкердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейді және жергілікті бюджет қаражаты және олардың өтінімдері бойынша жұмыс берушілердің қаражаты шегінде қаржыландырылады.

Қоғамдық жұмыстарға қатысуға құқығы барлар:

1. Жұмыссыздар.

2. Жазғы демалыс кезеңінде студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары.

3. Жұмыс орнының тоқтап тұруына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмегендер.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы

Жастардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оларға қажетті еңбек дағдыларын беру және бірінші жұмыс орнында бейімдеу мақсатында халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыз жастарды бірінші жұмыс орнына жұмысқа орналастыруды ұйымдастыруды жүзеге асырады.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналастыруды ұйымдастыру алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектер (оның ішінде жоғары оқу орындарының түлектері), жұмыс іздеп жүрген адамдар, халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелуіне қарамастан, жиырма тоғыз жастан аспаған, оның ішінде NEET санатындағы, жұмыс тәжірибесі жоқ жастар қатарындағы жұмыссыз адамдар үшін жүзеге асырылады.

Жұмыс іздеп жүрген түлектерді «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналастыру кәсіптік білімі туралы дипломда көрсетілген немесе Білім бейіні бойынша жақын мамандыққа (кәсіпке) сәйкес жүзеге асырылады.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыс беруші Халықты жұмыспен қамту орталығымен жасалған шарт негізінде қатысушыны кемінде 24 ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналастырады, бұл ретте халықты жұмыспен қамту орталығы 1 жыл жұмыс үшін еңбекақы төлеуді субсидиялайды.

Жергілікті бюджеттен айына субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда 30 АЕК (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып) құрайды.

«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы

Жұмыс іздеп жүрген адамдар мен жұмыссыз адамдар, оның ішінде білім беру ұйымдарының түлектері үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларын іске асыру шеңберінде халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша зейнетақы жасына жеткен жұмыс істеп жүрген жұмыскерді кейіннен ауыстыра отырып, қатысушыларды жұмысқа орналастыруды ұйымдастыруды жүзеге асырады.

«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша жұмыс беруші Халықты жұмыспен қамту орталығымен жасалған шарт негізінде қатысушыны кемінде 18 ай тұрақты жұмысқа орналастырады, бұл ретте халықты жұмыспен қамту орталығы 6 ай жұмыс ішінде еңбекақы төлеуді субсидиялайды. Жергілікті бюджеттен айына субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда 30 АЕК (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып) құрайды.

«Күміс жас» жобасы

«Күміс жас» жобасы барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады, бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты жүргізетін, жалақысы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам жұмыс істейтін жұмыс берушілер қатысуға жіберіледі.

«Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарынан және тұрақты жұмыс орындарына арналған бос орындардан тыс құрылады. Мұндай жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда және ұлттық кәсіптер сыныптауышына сәйкес біліктілігі төмен қызметкерлердің 9-тобына жататын кәсіптер/кәсіптер бойынша құрыла алмайды.

«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды және қатысу кезеңінде халықты жұмыспен қамту орталығы зейнеткерлік жас алдындағы адам жалақысының бір бөлігін бюджет қаражаты есебінен субсидиялайды.

Жалақыға берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып, жалақы мөлшерінің 50% - ын құрайды, бірақ 30 АЕК-тен аспайды.

Қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлікке шыққанға дейін зейнеткерлік жас алдындағы адамдарды тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастырады.

Зейнеткерлік жас алдындағы адамды тұрақты жұмысқа қабылдаудан бас тартқан жағдайда жұмыс беруші жұмыссыздарға еңбекақының субсидияланатын бөлігін төлеуге мемлекеттің нақты шығыстарын бюджетке өтейді.

Жоғарыда көрсетілген субсидияланатын жұмыс орындарына қатысу үшін мынадай құжаттар қажет:

  • қатысуға өтініш;
  • жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
  • еңбек кітапшасының көшірмесі (бар болса);
  • білімі туралы құжаттың (аттестат, куәлік, диплом), сондай-ақ бар болса, оқудан өткенін растайтын құжаттардың (куәлік, сертификат) көшірмелері;
  • техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуын растайтын құжаттың көшірмесі (МО үшін);
  • жұмыс берушінің толық емес жұмыс уақытына немесе жұмыс уақытының қысқартылған жұмыс уақыта ауыстыру туралы немесе әлеуметтік демалыс беру туралы, немесе мәжбүрлі қарапайым, жалақысы сақталмайтын демалыс туралы актісі (ішінара жұмыспен қамтылған жалдамалы қызметкерлер үшін) (ОР үшін);
  • каникулда екені оқу орнынан анықтама (ОР үшін).

Қандай құжаттарды дайындау керек

Әңгімелесуден сәтті өткеннен кейін және жұмыс берушінің жұмысқа қабылдану туралы келісімінен кейін, еңбек шартын жасасу үшін стандартты құжаттар пакетін жинау қажет.

Еңбек шарты бұл жұмыс беруші мен үміткер арасындағы жазбаша келісім, оған сәйкес жұмыс беруші қызметкерге белгілі бір жұмыс беруге, еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және жалақыны уақтылы толық төлеуге міндеттенеді, ал қызметкер бұл жұмысты орындауға және ұйымның ішкі еңбек тәртібінің ережелерін сақтауға міндеттенеді.

Еңбек шарты екі данада жасалады, олардың әрқайсысына екі тарап қол қояды. Бір данасы сізге беріледі, екіншісі жұмыс берушіде сақталады.

 Еңбек шартын жасауға қажетті құжаттар:

  •  жеке куәлік немесе паспорт (он алты жасқа толмағандар үшін туу туралы куәлік);
  •  азаматтығы жоқ тұлғалар үшін тұруға ықтиярхат немесе куәлігі (Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін);
  •  тиісті білімді, білігі және дағдыны талап ететін жұмысқа орналасуда еңбек шартын жасасу кезінде білімі, біліктілігі, арнайы білімінің немесе кәсіптік  даярлығының болуы туралы құжат;
  •  еңбек қызметін растайтын құжат (еңбек өтілі бар тұлғалар үшін);
  •  алдын ала медициналық куәландырудан өткені туралы құжат (мед.анықтама 086-У).

Кейбір жағдайларда сізден сотталмағандығы туралы анықтама талап етілуі мүмкін. Оны онлайн алуға болады

- Соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама беру

Мүмкіндігі шектеулі адамдар нені білулері керек

Мүмкіндігі шектеулі адам – бұл өмірдің шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттілігіне әкелетін ауруларға, жарақаттарға, олардың салдарына, ақауларға байланысты дене функциясының тұрақты бұзылуымен денсаулығының бұзылуы бар адам.

Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту саласында мүгедектігі бар тұлғалар қызмет түрін, оның ішінде еңбек қызметі түрін еркін таңдауға, сондай-ақ кәсіптік даярлауға және қайта даярлауға, еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіруге және жұмысқа орналасуға құқығы бар.

«Халықты жұмыспен қамту туралы» заңның 9-бабының 6) тармақшасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындары санының 2% - дан 4% - ға дейінгі мөлшерінде мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгілеу арқылы халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді.

Квотаны жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің тізімдік саны бар ұйымдарға белгілейді:

● 50-ден 100 адамға дейін - жұмыскерлердің тізімдік санының 2% мөлшерінде;

● 101-ден 250 адамға дейін-жұмыскерлердің тізімдік санының 3% мөлшерінде;

● 251 адамнан жоғары – жұмыскерлердің тізімдік санының 4% мөлшерінде.

Сонымен қатар, мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне, сондай-ақ жұмыскерлердің орташа жылдық саны 20%-дан астамы мүгедектігі бар адамды құрайтын ұйымдарға квота белгіленбейді.

Елді мекендерде еңбек қызметі үшін медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ еңбек етуге қабілетті жастағы мүгедектер болмаған кезде, аталған елдімекендердің аумағында орналасқан ұйымдарда квота белгіленбейді..

Бұл квота зейнеткерлік жастағы адамдарға қолданылмайды.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде мүгедектігі бар тұлғалар халықтың басқа да осал топтарымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен біліктіліктер бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарынан басым тәртіппен өтуге, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға, бизнес-идеяларды іске асыруға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтеусіз негізде микрокредиттер мен гранттар алуға, сондай-ақ қоғамдық, әлеуметтік, бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға құқылы.

Бағдарламаға қатысуға ниеті болса тұрғылықты жері бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіру қажет немесе «Электрондық еңбек биржасы» порталына жүгіну қажет.

Жұмыстан шығарған жағдайда немесе қысқартуға түскен жағдайда, не білуіңіз керек

ҚР Еңбек кодексінің 131-бабына сәйкес жұмысынан айрылған жағдайда жұмыс беруші таратылған жағдайда, жұмыскерлердің саны немесе штаты қысқартылған жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған жағдайда, жұмыс беруші еңбек шартының талаптарын орындамаған жағдайда  жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған жағдайда бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде жұмыс беруші өтемақы төлемдерін жүргізеді.

Жұмыс беруші жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына әкеп соққан өндіріс, орындалатын жұмыстар және көрсетілетін қызметтер көлемі азайған жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде екі айдағы орташа жалақы мөлшерінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемдерін жүргізеді.

ҚР Еңбек кодексінің 96-бабына сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған жұмыскерге еңбек шарты тоқтатылған кезде, ол жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемі жүргізіледі, ол жұмыскердің орташа жалақысы есебінен есептеледі.

Жұмысынан айырылған жағдайда төленеттін әлеуметтік төлемақы

Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемақы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз тұлға ретінде тіркелуге өтініш берген күннен бастап тағайындалады.

Бірақ жұмыссыз мәртебесін алу үшін бірінші қадамда сипатталғандай жұмыс іздеуші ретінде қайта тіркелуіңіз керек.

Содан кейін, Халықты жұмыспен қамту орталығы тіркелген күннен бастап 1 жұмыс күні ішінде лайықты жұмыс таңдай отырып жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді.

Егер жұмыспен қамту орталығы осы кезең аяқталғаннан кейін сіз үшін лайықты жұмыс таппаса немесе сіз ұсынылған жұмыстан бас тартсаңыз, онда жұмыспен қамту орталығының маманы бір жұмыс күні ішінде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға Сізді жұмыссыз ретінде тіркеу туралы шешімнің жобасын электрондық түрде «Еңбек нарығы» ААЖ арқылы жібереді.

Осыдан кейін, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органның бірінші басшысы бір жұмыс күні ішінде «Еңбек нарығы» ААЖ-да жұмыссызды тіркеу туралы шешімге электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қояды. Жұмыспен қамту орталығының маманы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган шешім қабылдаған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы хабарлама не бас тарту туралы хабарлама береді.

Осы процедуралардан кейін, сол жерде Жұмыспен қамту орталығында жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алуға өтініш беруге болады.

Қажетті құжаттар

  1. Жеке куәлігі.
  2. Жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкеп соққан компанияның таратылуы, штаттың қысқаруы, өндіріс көлемінің, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуі сияқты негіздер бойынша еңбек қатынастарының бұзылғанын растайтын жұмыс берушінің актісінен үзінді көшірме.
  3. Жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама.
  4. Банк шотының нөмірі туралы мәліметтер.

Әлеуметтік төлемді ресімдеуге өтінімді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына немесе онлайн-қызмет арқылы беруге болады (жұмыссыз ретінде тіркеу туралы мәліметтер болған жағдайда)

- Әлеуметтік тәуекелдер жағдайларына әлеуметтік төлемдер тағайындау: жұмысынан айырылу

Онлайн қызмет компанияны таратылуы, штаттың қысқаруы немесе жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауы салдарынан жұмысынан айрылған тұлғаларды қоспағанда, қалған басқа адамдарға қолжетімді.

Төлемақы мөлшері

2 жыл ішіндегі табыстың орташа мөлшері есебінен жеке есептелетін сома 24 айға бөлінеді, алынған сома 0,4 коэффициентке көбейтіледі.

әлеуметтік аударымдар төленетін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің  қатысушысы жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындалады.:

● 1 айға – 6 айдан 12 айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда;

● 2 айға – 12 айдан 24 айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда;

● 3 айға-24 айдан 36 айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда;

● 4 айға – 36 айдан 48 айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда;

● 5 айға – 48 айдан 60 айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда;

● 6 айға – 60 айдан және одан да көп айға әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.